Дина Нұрпейісова
Следи за нами:
RSS

Дина Нұрпейісова

Өмірбаян  

Дина Нұрпейісова 1861 ж. Батыс Қазақстан обл. Жаңақала ауд туған. Қазақ халқының күйші-композиторы, қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері.

Әкесі белгілі домбырашы адам болған.  Қызы Динаға 8 жасынан бастап-ақ сол өнердің қыр-сырын үйрете бастаған. Оның ұлы күйші Құрманғазымен алғаш кездесуі де осы кез. 8-9 жасар Дина ұстазының күйлерін үйреніп қана қоймай, оның күйшілік- орындаушылық өнердегі ерекшеліктерін, дәстүрін жалғастырды. Құрманғазының мектебінен өту Динаның домбырашылық өнерін шыңдай түсіп, ол өз жанынан да күй шығара бастайды. Динаның тырнақалды  «Бұлбұл», «Байжұма», «Көгентүп» атты күйлерінде халықтың күйшілік дәстүрі айқын сезіледі.

1916 ж. қазақ даласындағы ұлт-азаттық күресі Дина Нұрпейісованың шығармашылығына елеулі әсер етті. Осы оқиғаға шығарған «1916 жыл» күйінде Құрманғазының Исатай мен Махамбетке арнаған «Кішкентай» күйінің әсері байқалады.

Дина Нұрпейісованың композиторлық творчествосының кемелденіп, күйшілік- орындаушылық өнерінің шабыттанған шағы- кеңестік дәуір. 1937 ж. ол халық өнерпаздарының Республикалық байқауына қатысып, жүлделі орын алса, екі жылдан соң Москвада өткен халық музыка аспаптарында орындаушылардың Бүкілодақтық байқауында  бірінші орынды иемденіп  «Домбыраның Жамбылы» атанды.

Дина күйлері өзінің ұлттық музыкалық бояуымен, терең психологиялық мазмұнымен ерекшеленеді. Бұлардың қатарына атақты «Әсем қоңыр», «Тойбастар», «Ана аманаты», «Сегізінші март» т.б. жатады.

Дина Нұрпейісова [Мәтін]. Т.2.Тарихи тұлғалар// Қазақтар: көпшілікке арналған тоғыз томдық анықтамалық.- Алматы: Білік, 2003.- 120-121 б.