Ахмет Жұбанов
Следи за нами:
RSS

Ахмет Жұбанов

Өмірбаян

Жұбанов Ахмет Қуанұлы-композитор, музыка зерттеушісі, педагог, дирижер, қоғам қайраткері. Ақтөбе облысында дүниеге келген.

1919-1928 жылдары Жұбанов ауылдық кеңес хатшысы болып істейді. Осы кезде П.Черняктан сольфеджио һәм музыка теориясы дәрісін алып жүреді.

1929-1932 жылдары Ахмет Қуанұлы Жұбанов  М.И. Глинка атындағы Ленинград музыка техникумында (А.А.Этигонның скрипка сыныбы бойынша) және Н.А.Римский-Корсаков атындағы консерваторияда (професссор Ф.А.Найманның гобой сыныбы бойынша, ал кейінірек – музыка теориясы мен тарихы жөніндегі факультетте-Б.В. Асафьевте) оқыды. 1932-1933 жылдары Ленинград өнертану академиясының аспиранты болды.

1933-1935 жылдары Ахмет Жұбанов Алматы музыкалық –драма театрында дәріс оқыды әрі оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарды. Ол қазақ тілінде тұңғыш «Музыкалық сөздік" құрастырды, музыкалық кабинет һәм қазақ халық аспаптарын жетілдіру жөніндегі тәжірибелік шеберхана ұйымдастырды. 1934 жылы Жұбанов домбырашылар ансамблін құрды, қазіргі Құрманғазы атындағы Халықтар Достығы ордені Қазақ мемлекеттік халық аспаптары оркестрі соның негізінде пайда болды. Кейінірек ол осы оркестрдің көркемдік жағын басқарды.

Жұбанов Қазақ филармониясының көркемдік жетекшісі, дирижері (1935-1945), Алматы консерваториясының ректоры (1945-1951), КСРО ҚазҒАФ өнертану секторының меңгерушісі (1945-1950) Алматы консерваториясы Халық аспаптары кафедрасының меңгерушісі және осы қызметпен бір мезгілде қазақ халық әуендері тарихының, дирижерлік ету, аспаптар оқытушысы болды. (1945-1947, 1954-1961). 1961-1968 жылдары  ҚазКСР  ҒА жанындағы  Әдебиет және өнер институтының музыка бөлімін басқарады.

Ахмет Жұбанов – қазақ халық әуендері мен жаңа заманғы музыка, театр және орындаушылық өнерінің зерделі зерттеушісі. Оның қаламынан қазақ халық музыкасының тарихы, халық  әншілерінің, күйшілерінің, композиторларының өмірі мен шығармашылығы жайлы «Құрманғазы» (1936), «Қазақ халық композиторларының өмірі мен творчествосы» (1942), «Ғасырлар пернесі» (1958), «Замана бұлбұлдары» (1963) аталатын ғылыми еңбектер мен зерттеунамалар дүниеге келді.

Жұбанов – қазақ кәсіби музыка өнері мен Қазақстанда музыкатану ғылымы негізін қалаушылардың бірі. Ол домбыра, қобыз бен сыбызғы үшін музыкалық туындылар жазып, жариялады, көптеген халық күйлерін халық аспаптары оркестріне түсірді. Ол- «Абай» ( 1944), «Төлеген Тоқтаров» (1947) операларының, «Отан», «Ақ Шолпан», «Біздің қала», «Күнім менің – Москва», «Лирикалық ән», «Қарлығаш», «Майданнан хат», «Ант» әндері мен хорларының, «Тәжік биі», «Қазақ биі», «Ария» аспаптық шығармаларының, «Төлеген Тоқтаров», «Абай» симфонияларының, «Құрманғазы» радиооперасының авторы. Композитор Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» (1938), М. Ақынжановтың «Исатай – Махамбет» (1938) пьесаларына, «Амангелді» фильміне (1938) музыка шығарды.

Ахмет Жұбанов ұлттық музыка ізашарларын даярлауға көп күш- жігер жұмсады. КСРО халық әртістері Ш. Қажығалиев, Н. Тілендиев, Қазақ КСР халық әртістері Г.Баязитова, Ф. Балғаева, Ф.Мансұров, Р.Омаров, Қазақ КСР еңбегі сіңген қайраткер Х. Тастанов (өнертану ғылымының кандидаты), Ғ.Бисенова, Б.Ғизатов, А, Кетегенова, З.Қоспақов, Ж.Рсалдин бәрі де  академик Ахмет Қуанұлының шәкірттері.  

Жұбанов – Қазақ ұлттық оркестрінің ұйымдастырушысы, тұңғыш дирижері әрі көркемдік жетекшісі. Ол сондай-ақ Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының ашылуына ықпал етті. Ахмет Қуанұлы ұзақ жылдар бойы КСРО Композиторлар одағы басқармасының мүшесі болды, Қазақстан Композиторлар одағын өз қолымен құрғандардың бірі.

 

Ахмет Жұбанов [Мәтін]: Т.2. Тарихи тұлғалар// Қазақтар: көпшілікке арналған тоғыз томдық анықтамалық.- Алматы: Білік, 2003.- 191-193 б.