Қасым Аманжолов
Следи за нами:
RSS

Қасым Аманжолов

Өмірбаян

Аманжолов Қасым Рақымжанұлы (1911, қазіргі Қарағанды обл. Қарқаралы ауд. -17.1.1955, Алматы қ)-ақын. Семей мал дәрігерлік техникумын бітірген. 1931ж. Ленинградқа барып, Орман шаруашылығы институтына түседі. Бірақ денсаулығына байланысты оқи алмайды. 1931-41ж. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»),  Орал обл. «Екпінді құрылыс» газеттері редакцияларында, Орал обл. театрында жұмыс істеген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Әскерден қайтқан соң біраз жылдар «Әдебиет және өнер» (қазіргі «Жұлдыз») журналының бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Тұңғыш өлеңі Оралдың «Екпінді құрылыс» газетінде басылды. Тұңғыш жинағы «Өмір сыры» 1938 ж. жарық көрді.

Ақынның көркемдік сапасы аса биік туындылары қатарына «Ақын», «Бірінші май», «Жолдас маршал», «Жалғыз жалау», «Дүниеге жар», «Орамал», «Мен-табиғат бөбегі» тәрізді өлеңдері жатады. Сондай-ақ ақынның «Байқал», «Оралым», «Подполковник Альпин», «Дариға сол қыз» өлеңдері, «Мартбек»,  «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмалары бар. Қасым соғыстан халықтық жыр дәстүрін ілгері дамытып, батырлық, ерлік жырларының жаңа үлгісін жасаған, қазақ поэзиясын жаңа арнаға көтеріп жырлаған танымал ақын болып оралды. Қазақ поэзиясына он буынды өлең түрін енгізіп, орнықтырды. 1948 ж. баспадан шыққан «Дауыл» жинағы қазақ поэзиясын жаңа биікке көтерген құбылыс болды. 

Қасым ақындығымен қатар сазгер де болған. Оның әнін де өзі шығарған  «Дариға сол қыз», «Туған жер», «Өзім туралы», т.б. шығармалары халықтың сүйікті әндеріне айналды. Қасым қазақ әдебиетінде аударма жанрының дамуына зор үлес қосты. А.С.Пушкиннің «Полтава», М.Ю. Лермонтовтың «Маскарад», А.Т.Твардовскийдің «Василий Теркин», Әзербайжан ақыны Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасын, украин ақыны Т.Г.Шевченконың, т.б. өлеңдерін қазақ тіліне аударды. 2001 ж. «Жазушы» баспасынан таңдамалы лирикалық өлеңдері жаңадан басылып шықты.

Аманжолов Қасым Рақымжанұлы [Мәтін]// Қазақстан әдебиеті: энциклопедиялық анықтамалық.- Алматы: «Аруна» баспасы, 2005.- 43 б.