Әлихан Бөкейханов
Өмірбаян.
Бөкейханов Әлихан Нұрмұхамедұлы (25.3.1875, бұрынғы Семей обл. Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысы, 7-а.-27.9.1937, Мәскеу)- қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы.
Жасынан зерек, алғыр өскен Бөкейхановты әкесі Қарқаралыдағы жергілікті молданың қолына оқуға береді. Кейін қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепке ауысады. 1879-86 ж. Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқиды. Омбыдағы техникалық училищені бітіреді. (1890), 1890-94 ж. Санкт-Петербургтегі Орман институтының экономика факультетінде оқиды. Институттан кейін Омбыда орман шаруашылығы училищесіне математика пәнінен оқытушы болып орналасады. «Степной край» газетінің редакциялық алқасының мүшесі болады. 1896-1903 ж. Щербина экспедициясы жұмысына қатысады. Осы жұмыста оның саяси көзқарасы өзгереді.
Бөкейханов 1905 ж. қарашада Мәскеуде өткен земство және қала қайраткерлерінің сьезіне қатысып, қазақ халқының тіл, сайлау, дін, т.б. бостандықтары мәселесін көтерді. Ол осы жылы «Халық бостандығы» (конституциялық – демократиялық) партиясының мүшелігіне , 1906 ж. оның ОК-і құрамына енді. Бөкейханов I мемлекеттік думаға Семей обл. қазақтары атынан депутат болып сайланды.
1906 ж. Омбыда шығатын кадеттік «Голос степи», «Омиш» және «Иртыш» газеттерінде, 1908 ж. Петербургте жарық көрген меньшевиктік «Товарищ», кадеттік «Речь», «Слово» газеттерінде редакторлық қызмет атқарды. Сол жылы Самараға жер аударылып, 1909-17 ж. Дон егіншілік банкі бөлімшесінде жұмыс істеген. 1912-17 ж. Кадеттер партиясы ОК-нің мүшесі болды. «Қазақ» газетін ұйымдастыруға, оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуіне зор еңбек сіңірді. 1917 ж. Уақытша үкіметтің Торғай обл. комиссары және Түркістан к-нің мүшесі қызметіне тағайындалды. Бөкейхановтың жетекшілігімен 1917 ж. шілдеде 1-жалпықазақ сьезі өткізіліп, «Алаш» партиясы құрылды. Бөкейханов пен А. Байтұрсынов бастаған бір топ қайраткерлердің ұсынысы мен ұйымдастыруы бойынша 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында қазақ мемлекеттігі туралы мәселе қаралған 2-жалпықазақ сьезі болды. Сьезд қазақ облыстарын бүліншіліктен сақтау мақсатында уақытша Ұлт Кеңесін құрып, оның аты «Алашорда» болсын деген шешім қабылдады. 25 орыннан тұратын бұл үкіметтің төрағасы болып көпшілік дауыспен Бөкейханов сайланды.
Алашорда үкіметі күшпен таратылған соң , ол 1920 ж. Қзақ АКСР Егіншілік халық комиссариаты коллегиясының мүшесі, 1922 ж. РКФСР Ұлттар істері жөніндегі халық комиссариаты (Мәскеу) жанындағы Орт. Баспаның ғыл. қызметкері, 1926-27 ж. Ресей ҒА-ның ғыл. қызметкері қызметтерін атқарған. 1937 ж. 27 қыркүйекте КСРО Жоғары соты әскери коллегиясының негізсіз үкімі бойынша ату жазасына кесілді.
Бөкейханов соңында мол мұра қалдырған ғұлама ғалым. Бөкейхановтың тарих саласында жазып қалдырған «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи» атты алғашықы еңбегі 1903 ж. «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» деген көптомдық альманахтың 17- томына еніп, Санкт-Петербургте жарық көрді. «Киргизы» атты еңбегі алғаш рет «Формы национального движения в современных государствах» атты жинақта 1910 ж. Санкт-Петербургте басылып шықты. Ғалым қазақтың қой шаруашылығы жайында сүбелі еңбек жазып шықты. Бұл еңбек Бөкейхановтың өзі қатысқан экспедицияның басқа материалдарымен бірге «Материалы по экономическому обследованию районов Сибирской железной дорогой» деген 3 бөлімнен тұратын кітап болып 1904 ж. Томск қаласында басылып шықты. Бөкейханов ауыз әдебиеті туындыларын жинауға көп үлес қосты. Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінің тұңғыш жинағын редакциялап, жинақтың 1909 ж. Санкт- Петербургте басылып шығуына қол ұшын берген.
Бөкейхановтың кейінгі ұрпаққа қалдырған әдеби мұрасының ең көлемдісі- көркем аударма. Аудармаларының ішінде орыс жазушыларының Л.Н.Толстой, А.П. Чехов, В.Г.Короленко, Д.М.Мамин-Сибиряк шығармаларымен қатар, Еуропаның қаламгерлері, сондай-ақ үнді, түркі тілдес халықтардың әдеби шығармалары бар. Бөкейханов қазақ және орыс тілдерінде қатар жазған публицист. Оның мақалалары Санкт-Петербургтің «Сибирские вопросы», «Биржевые ведомости», «Новая жизнь» басылымдарында жиі жарияланып тұрған. Ол халықтың сана- сезімі мен ұлттық мәдениетін көтерудегі баспасөздің орасан зор маңызын бағалай білген.
Әлихан Бөкейханұлы [Мәтін]: Т.2. Тарихи тұлғалар// Қазақтар: көпшілікке арналған тоғыз томдық анықтамалық.- Алматы: Білік, 2003.- 121-123 б.