Федор Достоевский
Следи за нами:
RSS

Федор Достоевский

Өмірбаян.

Достоевский Федор Михайлович (11.11.1821, Ресей, Мәскеу-9.2.1881, Санкт-Петербург)-орыс жазушысы, Санкт-Петербург ҒА-ның корр мүшесі (1877). Санкт-Петербург әскери-инж уч-щесін бітірген (1843). Инж департаментте бір жылдай қызмет атқарған соң жазушылыққа біржола ден қояды.

 1847 жылдан М.В. Петрашевскийдің қоғамына қатысып, 1848 жылдан Н.А.Спешнев пен С.Ф.Дуровтың  төңкерісшіл үйірмелерінің белсенді мүшесі болады. 1849 ж. петрашевскийшілдермен бірге қамауға алынып, өлім жазасына кесіледі (бұл жаза 4 жыл бұғаудағы ауыр жұмыспен ауыстырылып, оны өтеген соң қатардағы солдаттыққа жіберілетін болған). 1850-54 ж Омбыда айдауда, кейін Сібірде қатардағы солдат болып әскери қызмет атқарған.

1854 ж. Омбыда Ш. Уәлихановпен танысады, бұл таныстық Семейдегі кездесулерден соң үлкен достыққа айналды. 1859 ж. Д.Тверь, кейіннен Санкт-Петербург қ-да тұруға рұқсат алады. Өз ағасы М.М. Достоевскиймен бірге 1864 жылға дейін (ағасы қайтыс болғанға дейін) «Время» (1861-63) және «Эпоха» (1864-65) журналдарын шығарып тұрды. 1862-63 және 1867-71 ж. шет елде болды. 1873-74 ж. князь В.А. Мещерский шығарып тұрған «Гражданин» журналының редакторы болды. 1844 ж. француз жазушысы О.де Бальзактың «Евгения Гранде» романын аударып, жариялау арқылы шығармашылық жолын бастаған.

Достоевскийдің  «Бейшаралар»  (1846; қазақшаға 1955 ж. С.Талжанов аударған) атты алғашқы  романы  оның шығармашылық қуатын- терең гуманизм мен психологизмге, драматизм мен философ ойға бейімділігін танытты. Романдағы «кішкентай адамның» әлеуметтік трагедиясын бейнелеу шеберлігіне өз кезінде Белинский үлкен баға берді. «Егіздің сыңары» (1846), «Үйбике» (1848), «Ақ түндер» (1848. қазақшаға 1971 ж. аударылды.), «Неточка Незванова» (1849) повестерінде Достоевский адамның жан –күйін терең бейнелеп, ізгілік пен жауыздықтың тартысын сипаттады. Кейінірек, «Ағайдың түсі», «Степанчукова  селосы мен оның тұрғындары» (1859) деген повестері, «Қор болғандар мен корланғандар» (1861), «Өлі үйден хаттар» (1861-62) романдары жарық көрді.

Достоевский роман жанрын «полифониялық роман» (бұл терминді М.М.Бахтин «Достоевский шығармашылығының проблемалары» атты 1929 ж. шыққан кітабында ғылымға тұңғыш рет енгізді) жанры арқылы байыта түсті. Мұндай романдарға «Ойыншы» (1866), «Қылмыс пен жаза» (1866, қазақшаға 1972 ж. М.Жанғалин аударған.), «Нақұрыс» (1868 ж. қазақшаға 1984 ж. Н.Сыздықов аударған.), «Албастылар» (1871-72), «Жасөспірім» (1875), «Ағайынды Қарамазовтарды» (1879-80) жатқызуға болады. Жазушы шығармалары адамның ішкі дүниесіндегі қайшылықты ашып, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге психологиялық талдау жасайды. «Жазушының күнделігі» (1871-81), «Пушкин туралы сөз» (1880), т.б. әдеби- сын еңбектерінің әлемдік эстетика тарихында алар орны ерекше. Уәлихановпен достығы туралы Достоевский «Жазушының күнделігінде» жазған, екеуінің жазысқан хаттары сақталған. Семейдегі 1857-59 ж. тұрған үйінде Достоевскийдің әдеби-мемориалдық мұражайы ашылды.   

Достоевский Федор Михайлович [Мәтін]: Т.3. Г-Ж // Қазақстан. Ұлттық энциклопедия/ бас. ред. Б.Аяған.- Алматы: «Қазақстан энциклопедиясының» бас редакциясы, 2001.- 279-280 б.