Фариза Оңғарсынова
Следи за нами:
RSS

1939 жылдың 5-желтоқсанында Гурьев (қазіргі Атырау) облысы, Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында туған.
1961 жылы Гурьев мемлекеттік педогогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітіріп, Балықшы ауданының Еркіндала, Октябрьдің 40 жылдығы атындағы қазақ мектебінде ұстаздық еткен.
1966-1968 жж. Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің партия тұрмысы бөлімінде әдеби қызметкері.
1968-1970 жж. республикалық «Лениншіл жас» газетінің Ақтөбе, Гурьев, Орал облыстары бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарған.
1970-1978 жж. республикалық «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторы, 1978 ж. желтоқсаннан «Пионер» журналының бас редакторы.
Алғашқы өлеңдері баспасөз беттерінде 1958 жылдан бастап шыққан. Әр жылдары 20-дан астам өлең жинақтары, очерктері, таңдамалы шығармалары, «Біздің Камшат» повесі, аудармалары «Жазушы», «Жалын», «Молодая гвардия» баспаларынан жарық көрді.
Орыс, туысқан республикалар ақындарының, Чили ақыны П. Неруданың жырларын, кейбір драмалық шығармаларды қазақ тіліне аударған.
Фариза Оңғарсынованың өлеңдерінде жасандылық жоқ, азаматтық лирикасы сыншылдығымен, қоғамдағы, адам мінезіндегі келеңсіз тұстарды дәл нысанаға алумен ерекшеленеді.
«Жүрек сенсің...» деген өлеңіндегі төмендегі жолдарды оқыған кезде азаматтық сарын, ар-ождан тазалығына тәнті боласыз.

Бар сияқты менде де сана шыдам,
Жылағанды демеуге тағы асығам,
Жасайын-ақ десем де бір астамдық,
Қорқам ардың айбалта – жазасынан.

Немесе ақын арсыз жандардың жағымсыз жат қылықтарын ашына былайша жырлаған:

                    Не қасиет күтерсің бүгінгі елден,
                    Жасқаншақтап күйеудей ұрын келген.
                    Айтар сөзін көмейге көміп қойып,
                    Күн кешеді қорқумен, дірілдеумен.

Ақының творчествосына тән басты қасиет – шындыққа бас ию. Оның бұл қасиеті кез келген туындысынан да айқын көрініп тұрады. 
1979 жылы жарық көрген «Сенің махаббатың» жинағындағы «Сырласу немесе ақын әйелдің анасымен диалогы» атты поэмасы ақын творчествосының шындық шырқауы, негізгі қағидасы. Шындық, қайсарлық, адамгершілік, махаббат, сенім сияқты философиялық категориялар Ф. Оңғарсынованың поэмасында нанымды, салмақты көрініс тапқан.
1984 жылы «Үйім – менің Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» өлең топтамалары үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Ленин комсомолы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, «Құрмет Белгісі», «Парасат» ордендерімен марапатталған. 
Республика мәдени-ағарту ісіне еңбегі сіңген қызметкер.