Бауыржан Момышұлы
Следи за нами:
RSS

Бауыржан Момышұлы

Өмірбаян

Момышұлы Бауыржан (24.12.1910, Жамбыл обл. Жуалы ауд. Көлбастау ауылы.- 10.6.1982, Алматы) – жазушы, Кеңес Одағының батыры (1990), Қазақстанның Халық Қаһарманы (1995),  Панфиловшы, даңқты жауынгер, гвардия полковнигі. Шымкенттегі жеті жылдық интернатты (1928), Ленинград финанс академиясы жанындағы курсты (1932), Кеңес Әскері Бас штабының жанындағы Жоғары әскери академияны бітірген (1950).

Соғысқа дейін мектеп мұғалімі, ауаткомның хатшысы, милиция бастығы, Қызыл Әскер қатарында взвод, рота командир, полк штабы бастығының көмекшісі, 1941 ж. Қазақ әскери комиссариатының  нұсқаушысы болған. 2- дүниежүзілік соғыс басталысымен 316- атқыштар (кейіннен 8- гвардия) дивизиясының жасақталуына белсене ат салысып, сол дивизия құрамында майданға аттанған. Мәскеу түбіндегі шайқасқа қатысқан. Панфилов атындағы 8- гвардиялық дивизияның батальон, полк командирі болған. Соғыстың соңғы жылдарында (1944-45) осы дивизияны басқарған. 1950-56 ж. әскери академияда сабақ берген және тұрақты әскери қызмет атқарған.1956 ж. демалысқа шығып, өмірінің соңына дейін шығармашылық қызметпен айналысқан.

Момышұлы еңбектерін орыс-қазақ тілдерінде жазған. «Бір түннің тарихы» (1954 ж, орыс тілінде), «Біздің семья» (1956 ж, орыс тілінде), «Москва үшін шайқас» (1959, орыс тілінде), «Жауынгердің тұлғасы» (1958), «Майдан» (1961), «Майдандағы кездесулер» (1962, орыс тілінде), «Офицер жазбалары» (1962), «Артымызда Москва» ( 1963), «Генерал Панфилов» (1965), «Төлеген Тоқтаров»  (1965), «Куба әсерлері» (1969), «Ел басына күн туса» (1970), «Ұшқан ұя» (1974), «Адам қайраты» (1981), т.б. кітаптары бар. 2000 ж. «Жазушы» баспасынан шығармалар жинағының екі томдығы, 1990-91ж. «Соғыс психологиясы», «Қанмен жазылған кітап» кітаптары шықты. Шығармалары бірнеше шет ел халықтарының тілдеріне аударылған.

Момышұлының қаһармандық ерлігі туралы белгілі орыс жазушысы А. Бек «Волокаламское шоссе» (1947,1960, 1962, 1988; қазақ тілінде «Арпалыс» 1948, 1959, 1977, аударған Қ.Сағындықов) повесінде жан-жақты жазған. Б. Момышұлының өміріне арналған  Ә. Нұршайықовтың  «Ақиқат пен аңыз» (1976) роман-дилогиясы жарық көрген, «Қазақфильм»  киностудиясы «Ел басына күн туса» (1967) көркем фильмін түсірген. Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту (1971), Халықтар достығы (1980), 1-дәрежелі Отан соғысы, екі рет Қызыл Жұлдыз, «Құрмет» белгісі ордендерімен, медальдармен марапатталған. Қазақстан Мемлекеттік  сыйлығының лауреаты (1975).

Момышұлы Бауыржан [Мәтін]// Қазақстан әдебиеті: энциклопедиялық анықтамалық.- Алматы: «Аруна» баспасы, 2005.- 374 б.