Сайын Мұратбеков
Өмірбаян
Мұратбеков Сайын (15.10.1936 ж.т., Алматы обл. Қапал ауд. Қоңыр ауылы.)- жазушы, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1998). ҚазҰУ-ды (1963), Мәскеудегі Әдебиет институты жанындағы жоғары (1971) курсты бітірген.
1954-62 ж. туған ауылында жұмысшы, мұғалім, аудандық, облыстық газеттерде әдеби қызметкер, 1962-72 ж. «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби қызметкер, әдеби кеңесші және Көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры, 1972-77ж. сол кездегі КП ОК-нде жауапты қызметте болған. 1977-80 ж. «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, 1980-84 ж. Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, 1984-86 ж. «Жазушы» баспасының директоры, 1988-91 ж. ҚЖО-ның екінші хатшысы, 1992-96 ж. «Халық конгресі» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. XI сайланған Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты.
Мәскеу баспаларынан әр жылдары «Дикая яблоня», «На вершине Учкары», «Запах полыни», «У теплого родника» т.б. кітаптары жарық көрген. Осы кітаптары өзбек, татар, украин, беларусь, грузин, армян, азербайжан, литва, т.б. тілдерде басылып шыққан. «Жусан исі» повестері мен әңгімелері араб тілінде жеке кітап болып басылып шыққан. «Тел өскен ұл» (реж. Ш.Бейсенбаев; 1976) кинофильмі сценарийінің авторы. Ә.Әлімжановтың роман-повестерін, Г.Толмачевтің Д.Қонаев, Н.Назарбаев туралы деректі повестерін, Алекс ла Гуманың «Тас ғалам» романын қазақ тіліне аударған. «Құрмет» белгісі орденімен марапатталған (1981). «Тарлан» сыйлығының (2004) иегері.
Мұратбеков Сайын [Мәтін]// Қазақстан әдебиеті: энциклопедиялық анықтамалық.- Алматы: «Аруна» баспасы, 2005.- 380-381 б.