Олжас Сүлейменов
Өмірбаян
Олжас Омарұлы Сүлейменов (18.5.36 ж.т., Алматы)- ақын, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы. ҚазҰУ-тін бітірді. (1959). 1962-71 ж. «Казахстанская правда» газетінің қызметкері, «Қазақфильм» киностудиясының сценарий-редакциялық коллегиясының бас редакторы, «Простор» журналының бөлім меңгерушісі, 1971-81ж. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, 1981-83 ж. Қазақстан Киноматография мемлекеттік комитетінің төрағасы, 1983 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы (1984) қызметтерін атқарған. 1972 жылдан Азия мен Африка елдері жазушыларымен байланыс жөніндегі Қазақ комитетінің, 1989-95 ж. «Невада-Семей» қозғалысының төрағасы. 1995 жылдан Қазақстанның Италиядағы төтенше және өкілетті елшісі болды.
Олжас шығармаларын орыс тілінде жазды. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Арғымақтар» 1961 ж. жарық көрді. Олжас Қазақстан кино өнерін дамытуға үлкен үлес қосты. Оның сценарийі бойынша «Бабалар жері», «Көгілдір маршрут» (1967), «Қыс- қысылшаң мезгіл» (1972), «Мұхтар Әуезов туралы сөз» (1979), «Соңғы өткел» (1982), «Үндістан сазы» (1984), «Жастық шақ заставасы» (1984) кинофильмдері түсірілді. Олжастың таңдамалы шығармалары шетел тілдеріне аударылған және «Атамекен» (аударған Қ.Мырза. Әлі) деген атпен қазақ тілінде жарық көреді. Оның «Жалынның шалқуы» атты өлеңдер жинағы француз тілінде жарық көрді. (1981). Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы (1967,1972), Қазақстан комсомолы, БЛКЖО сыйлығы (1967), Қазақстан Меценаттар клубының «Тарлан» сыйлығының (2000) лауреаты. «Құрмет белгісі» (1981), Еңбек Қызыл Ту (1984), «Октябрь революциясы» , I дәрежелі «Барыс» (2001) ордендерімен және медальдармен марапатталған.
Сүлейменов Олжас Омарұлы [Мәтін]// Қазақстан әдебиеті: энциклопедиялық анықтамалық.- Алматы: «Аруна» баспасы, 2005.- 484-485 б.