Жамбыл Жабаев
Следи за нами:
RSS

Жамбыл Жабаев

Өмірбаян

Жамбыл Жабаев (28.2.1846, Жамбыл обл. Жамбыл тауының етегінде-22. 6.1945, Алматы)-ақын,  жырау, жыршы. Жасынан анасы Ұлданның ақындық талантын бойына сіңірген, С. Аронұлының шәкірті. Асан қайғы, Бұқар жырау,  Шөже, Балта,  Шернияз,  Шортанбай,  Дулат,  Сүйінбай, Досқожа,  Нысанбай, Майкөт, Майлықожа, Құлыншақ, т. б. ақындарды үлгі тұтқан. Сонымен бірге Жамбыл туысқан қырғыз елінің де сөз өнерін жетік білген. Қырғыз ауылдарын аралап, өлең айтып, күй тартып, айтысқа түскен. Атақты Тоқтоғұл, Мұраталы, Әлімқұл, Балық, Тыныбек, Қатаған сияқты дүлділдермен өнер сайысына түскен, солармен бірге «Манас», «Ер Төштүк» эпостарын жырлаған.

Жамбылдың шығармашылық өмірі, негізінен, 19ғ-дың 70-жылдарынан басталған. Жамбылды нағыз ақын ретінде байтақ елге танытқан өнері- оның айтыстары. Жамбылдың Сайқал қызбен (1864-65), Жаныс ақынмен (1866), Бөлектің қызымен (1870),  Бұрым қызбен (1873), Айкүміспен (1874),  Сарамен (1875), Сары ақынмен (1875), Шыбылмен (1890), Бөлтірікпен (1890), Майкөтпен (1891), Сарбаспен (1895), Құлмамбетпен (1897), Досмамбетпен (1907), Шашубаймен (1909), т.б. айтыстары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылды.

1916 ж. ұлт-азаттық қозғалысы кезінде жазылған өлеңдерінен есте қалып, хатқа түскені- «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық» өлең-толғаулары. «Заман ағымы», «Белсенділерге», «Қазақстан тойына», «Жастар алдындағы сөз»,  «Батырақ кедейлерге»,  арнау, толғаулары бар. Жамбыл- жыршылық өнердің де асқан шебері. Ол «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», «Көрұғлы» дастандарын жырлаған. Оның толғау, дастандары, негізінен, шұбыртпалы, төкпе жыр ұйқасына құрылған. Ақынның мол мұрасында шалыс ұйқас, егіз ұйқас, сыңар ұйқастың да үлгілері көп. Жамбылдың үздік шығармалары 40-тан астам шетел тілдеріне аударылды. Ромен Роллан, Мартин Андерсен, Нексе, Катарина Сусанна Причард, т.б. атақты суреткерлер Жамбыл поэзиясына жоғары баға берді. Жамбыл туралы жүздеген өлең-жырлар жазылды. Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі ордендерімен марапатталған. 1941 ж. Сталиндік (кейін КСРО мемлекеттік) сыйлығының лауреаты атанды.     

Жамбыл Жабаев [Мәтін]// Қазақстан әдебиеті: энциклопедиялық анықтамалық.- Алматы: «Аруна» баспасы, 2005.- 200-201 б.